Екібастұз бен Риддер тұрғындары енді жылу үшін еселеп төлеуге мәжбүр болады

470

Қыс бойы дірдектеген Екібастұз бен Риддер тұрғындары енді жылу үшін еселеп төлеуге мәжбүр болады. 

Екібастұз бен Риддер тұрғындары енді жылу үшін еселеп төлеуге мәжбүр болады Фото: Baribar.kz

Ұлттық экономика министрі Қуантыров жабырқататын жаңалықтың себебін Үкіметте түсіндіруге тырысты. Қысқа қайырсақ, "басқа амал жоқ" дегенге келтіріп отыр. Алайда неге жылу орталық басшыларынан талап етпейді деген пікірлер үдеп тұр. Сарапшылары мұның соңы жақсылыққа апармайтынын әлден болжап отыр. 

Екібастұздағы жылу орталығыны иелері тарифті 107 пайызға көтеруді сұрап, Экономика министрлігіне өтінім беріпті. Демек тозған жүйені халықтың қалтасынан қағып, қалыпқа келтіруді ойлаған сыңайлы.  Ал билік тығырыққа тірелді. Себебі бюджетте ақша жоқ. Бұған дейін бөлінген ақша кім-көрінгеннің уысында кетті дейді сарапшылар. 

"Тарифтердің қымбаттауы халықтың наразылығын тудыратыны сөзсіз, сондықтан біртіндеп көтеру қажет деп ойлаймын. Екіншіден жылу орталықтарының басшыларына талапты күшейту керек. Олар да әжептәуір қаражат салуы тиіс. Сол кезде тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы жүзеге асады. Бұған қоса, инфрақұрылымды жаңарту үшін мемлекет қабылдап жатқан нақты шаралар болуы керек. Көзге көрінуі тиіс. Қазір мемлекет ақшаны қайдан, кімнен аламыз деп бас қатырып отыр", дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Былтыр Екібастұздағы жылу орталығының басшысы нысанға қатысты ұсыныс енгізген. Соның бірінде жалақы төмен болғандықтан  маман жетіспейді деп көрсеткен.  Оны да тарифтің есебінен жүзеге асырмақ болған. Алайда қала әкімі қолдамаған көрінеді. 

"Екібастұз теплоэнерго былтыр антимонополиялық комитетке 100 пайыздан аса ұсыныс енгізді. Жылдар бойы көтерілмеген мәселелерді бір күнде шешу мүмкін емес. Оны ешқашанда қолдамаймыз. Ол саясатқа қарсымыз", дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Не болса да шығынның бір бөлігін бюджетке, екінші бөлігін тұрғындар төлейді. Ұлттық экономика министрі Қуантыров осындай шешімге келгенін айтты. Әлбетте жылу орталығының иесі де мекемеге инвестиция салуы тиіс екенін еске салып өтті.

"Екібастұзда жүйе әбден тозған. Ең үлкен өсім сол жақта жоспарланған. Екі еседен жоғары болады. Бірақ біз оны басқа механизмдер арқылы тежеуді жоспарлап отырмыз. Екібастұз бен Риддерде өсімді баяу жүргізгіміз келеді. Мысалы жылудың жаңа тарифі бұл қалалалардың тұрғындарына наурыз айында сезіледі", деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Жалпы баға саясаты әр кәсіпорынның жеке жағдайына байланысты белгіленеді деді министр. Яғни әбден тозығы жетсе онда тарифте соған сәйкес көтеріледі. Әзірге сол қыс бойы дірдектеген Екібастұз бен Риддер тұрғындарының қалтасына әжептәуір салмақ түспек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу