Екібастұз қаласы жылусыз әрі ыстық сусыз қалды

ЖЭО-дағы қазандық агрегаттары істен шықты.

Екібастұз қаласы жылусыз әрі ыстық сусыз қалды

Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласының тұрғындары қақаған суықта пәтерлерінде тоңып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Екібастұз жылу-электр орталығының мәліметінше, сенбіден жексенбіге қараған түні сағат 01.20-да №11 қазандық агрегаты істен шықты. Араға 10 минут салып №13, 14 және 15 агрегаттар да жұмысын тоқтатты. Соның салдарынан тұрғын үйлерге жылу, су беруде қиындықтар туындады.

"Қазір №8 және 14 қазандық агрегаттарын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жөндеу бригадалары ұйымдастырылды. Жақын арада жылу параметрлері қалыпқа келтіріледі. Облыс пен қала әкімдігі, "Павлодар Энерго" АҚ тарапынан жағдайды тұрақтандыруға қолдау көрсетілуде", – деп мәлімдеді кәсіпорын өкілдері.

Тұрғындардың сөзінше, пәтерлерде ыстық су мен суық су жоқ. Жылу ажыратылып, батареялар суи бастады. Ауруханада жатқан науқастарды шұғыл түрде облыс орталығына жеткізіп жатқан көрінеді. Айта кетейік, қазір Екібастұзда ауа температурасы -30 градус көрсетіп тұр. Сарқылдаған сары аязда жұртшылық өз үйлерінде қатып қалмаудың амалын жасауда.

Әзірше жергілікті билік бұл мәселеге қатысты үнсіз отыр. Қанша үй мен әлеуметтік, бизнес нысанның жылусыз қалғаны туралы дерек жоқ.

Екібастұз жылу-электр орталығының өлместің күйін кешіп жатқанын бұған дейін де жазғанбыз. Елдегі көмірдің жартысынан астамын өндіріп, кеншілер шаһары атанған қаланың жылусыз қалуы - парадокс.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу