Соңғы бірнеше күн бойы №52 орталық жылу пунктінен ажыратылған 17 көпқабатты үйдің алтауына жылу беріле бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Облыс әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Круктың айтуынша, таңертең қаладағы 49 көпқабатты үй жылусыз болса, қазір оның 19-ына жылу берілді.
"№52 орталық жылу пунктінен үйлерге дейін баратын құбырлардағы мұзды ерітудің нәтижесінде 6 көпқабатты баспанаға жылу берілді. Сонымен қатар, №5А, №6 шағын аудандардағы 13 тұрғын үйге жылу қосылды. Дегенмен, қазіргі уақытта 30 баспанада әзірше жылу жоқ. Бұл мәселені тез арада шешу үшін ауқымды жұмыс жалғасып жатыр", - деді О.Крук.
Кейбір үйлерде жылу берілсе де, пәтер ішіндегі температура әлі төмен. Олег Крук мұны кейбір пәтер ішіндегі батареялардың жарылуымен байланыстырды.Бүгін жылуға қосылған 11 көпқабатты баспанадағы 17 пәтердің батареялары ауыстырылды. Ертең қалғандары жаңартылады. Дегенмен, үйлердегі температура санитарлық режимге жетуі үшін кемінде бір апта қажет.
Тұрғындар жаппай электржылытқыш жабдықтарды қосқандықтан, электр энергиясы желілерінің жүктемесі көбейді. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің сөзінше, соның салдарынан 11 көпқабатты баспананың тұрғындары жарықсыз қалып отыр. Сонымен қатар, 40-тан астам тұрғын үйде суық су ажыратылды. Бұл мәселелерді шешу үшін де қосымша апаттық бригадалар жұмылдырылды.