Аян Бейсекинді таныстырған кезде Әбілқайыр Сқақов Екібастұздың бірегей құрылымды экономикасы мен еңбек дәстүрлеріне ие ерекше қала екендігін атап өтті.
"Екібастұзды басқа қалалардан ерекшелейтін, әрине, адамдар. Мұндағы тұрғындар қала дамуына бейжай қарамайды, нық азаматтық позициясы бар, саяси белсенді. Екібастұздықтар қаласының тағдырына қашанда жаны ашиды және мен оларды жақсы түсінемін. Жол жөндеуді алайықшы. Қаланың бірнеше көшесін аралап көрдім: жол қазған бойы сол күйінде жатыр. Жөндеу жұмыстарының бітетін уақыты белгісіз", – деді облыс әкімі.
Өңір басшысының айтуынша, қала тұрғындары құзыретті қала қызметтерімен байланыстың жоқтығын жиі айтады. Әкімдік пен қала тұрғындары арасындағы тиімді диалогтың жетіспеушілігін тұрғындармен кездескен облыс әкімінің өзі көз жеткізген. Әбілқайыр Сқақов Аян Бейсекинге осы мәселені тез арада түзетуді тапсырды.
"Тұрғындар шынайы ақпаратты уақтылы әрі толық көлемде алып тұруы керек. Шындық қандай ащы болса да, адамдарға дер кезінде жеткізілуі тиіс. Бұл мәселені шешуге уақыт тым аз. Жаңа оқу жылы, жылу беру маусымы таяды – тұрғындардың сауалдары арта түспек", – деді өңір басшысы.
Қазіргі кездегі ең маңызды мәселелердің бірі – алдағы жылу беру маусымы. Бүгін жылумен қамту мәселесіне барлық жауапты тараптардың қатысуымен жеке жиын өткізіледі.
"Осыған дейін акционерлермен сөйлестім. Бірден айтамын, қаланы жылусыз қалдырмаймыз. Барлық қажетті күшті пайдаланып, мәселені шешеміз", – деп мәлімдеді Әбілқайыр Сқақов.
ЖЭЦ мәселесіне қатысты облыс әкімі қала құрылымдарының өзара іс-қимыл сапасының төмендегенін айтты. Оның себептерінің бірі – кадрлардың жиі ауысуы мен бөлімдердегі маман жетіспеушілігі.
"Жергілікті мемлекеттік аппараттың адами капиталын дамытуды нақты қолға алу керек.Сіз прогресшіл басқарушылардансыз, ПЖКР мүшесісіз, "Болашақ" түлегісіз. Ерік өзіңізде. Оның үстіне қала басшылығының қолында Мемлекет басшысы мен Үкімет қолдаған Екібастұз қаласын дамытудың Кешенді жоспары сияқты күшті құрал бар", – деді өңір әкімі Аян Бейсекинге қарап.
Облыс әкімі Кешенді жоспарды жүзеге асырудың сапасын арттыруды және қаланың бас жоспарын әзірлеу сияқты маңызды іс-шараларды қоғам мүшелері мен сарапшылармен талқылауды тапсырды. Қоғамдық көлік мәселесі де кезек күттірмейді. Автобус паркін жаңартуды жыл соңына дейін шешу керек, деп бұйырды өңір басшысы.
Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік, мәдени және спорт саласында да бірқатар міндеттер қойды. Ол қаланың жаңа басшылығынан бастамашылдықты күтетін айтты.
"Екібастұз облыс пен жалпы ел үшін стратегиялық ерекше маңызға ие. Оның дамуы үшін қажетті қаражат пен ресурс та бөлінуде. Қаланың күшті кадрлық потенциалы, мықты дәстүрлері мен ерекше патриоттық рухы бар. Демек, тұрақты даму үшін қажеттінің барлығы бар", – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, барлық жұмыс Екібастұз өңірінде тұратын адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Облыс әкімі бұл жұмыстың қаншалықты жүзеге асырылып жатқандығын назарда ұстайтынын айтып, жоспардан тыс сапарлары кезінде де бақылап отыратынына уәде берді.