29 қараша күні сағат 12.00-дегі жағдай бойынша Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығы штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Мұнда 10 қазандық агрегатының алтауы істеп тұр. Тағы төртеуі – резервте, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, анықталған 15 апаттық учаскенің ішінен 14 учаскеде жұмыс қалпына келтірілді. Соның нәтижесінде судың құбырлардан ағып кетуі көлемі екі есеге азайды.
"Таңертең 25 көпқабатты және 90 жеке үйде жылу беру проблемалары анықталды. Жылу желілерінде ыстық су бар. Бірақ ішкі жылумен жабдықтау желілерін жөндеуді аяқтау қажет. Ол үшін басқа қалалардан қосымша 23 бригада тартылады", - деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Сонымен қатар, жылусыз қалған тұрғындарды 1200 жылытқышпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Қаланы жылумен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда және облыс әкімінің міндетін атқарушының жеке бақылауында.