Екібастұзда 15 жыл бойы қаңыраған ғимарат балабақшаға айналды

Мекеме мемлекеттік тілде білім беретін болады.  

Екібастұзда 15 жыл бойы қаңыраған ғимарат балабақшаға айналды Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысы Екібастұз қаласында 2007 жылдан бері бос қалған ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүлдіршіндердің пайдалануына берілді. Бұл – қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарындағы бағыттардың бірі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

№28 балабақшаны жаңғырту жұмыстары өткен жылыдң мамыр айында басталған. Мердігер компания – "Гидропром" ЖШС 1600 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан ғимаратты толығымен қайта қалпына келтіріп, ауланы абаттандырды. Соның арқасында қаладағы балабақшалар саны тағы бір мекемемен толықты.

"Балабақшада балалар мемлекеттік тілде тәрбиеленеді. 260 бала қабылдауға мүмкіндік бар. Бүлдіршіндерді 1,5 жастан бастап қабылдаймыз. Ғимаратымызда жатын бөлмелер, спорттық және музыкалық залдар, қазақ тілі кабинеті, логопедтік пункт, психолог кабинеті, медициналық блок бар. Сондай-ақ, жылы едені мен суды жылытатын құрылғысы бар бассейн салынды", - дейді балабақша басшысының міндетін атқарушы Әлия Сейфулина.

Оған қоса, мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 74 жаңа жұмыс орны құрылды. Ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, құжаттарды жылдамдатып ресімдеуді тапсырды. Мереке күндерінен соң алғашқы тәрбиеленушілер келеді.

Жалпы, бүгінгі таңда Екібастұз қаласында барлығы 28 балабақша бар. Мемлекеттік тілдегі топтарға 4112 бала, орыстілді топтарға 2253 бала барады. Екібастұзда 2-6 жас аралығындағы балалардың барлығы балабақшамен қамтылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу