Екібастұзда 16 көпбалалы отбасыға баспана берілетін болды

1235

Өңірде 1728 көпбалалы отбасы бар.

Екібастұзда 16 көпбалалы отбасыға баспана берілетін болды

Екібастұз қаласында әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бөлімі жанында көмекке шын мұқтаж көпбалалы отбасыларды анықтау мақсатында жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы үй-үйді аралап, әр отбасының жағдайын көзбен көрді.  Басыбайлы баспанасы жоқ, пәтер жалдап жүрген 16 отбасыға баспана берілетін болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, оларға коммуналдық меншікке сот шешімімен қайтарылған, кезінде жекешелендірілмеген пәтерлерді жөндеп бермек. Пәтер кілттері жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана табысталмақ.

Екібастұзда қазіргі уақытта 1728 көпбалалы отбасы тұрады. Соның ішінде "Алтын алқа" иегері – 502, "Күміс алқа" иегері - 541. 109 отбасы ауылдық жерде тұрады.

Көпбалалы отбасынан 293 бала бақшаға барса, 2285 бала – мектепте, 163 студент колледжде білім алады. 163 студенттің 17-і – ақылы негізде білім алуда. Соның ішіне Қаныш Сәтбаев атындағы инженерлік-техникалық институтта оқитын 6 студент кіреді. Қазіргі уақытта Қ.Сәтбаев атындағы ЕИТИ мен колледж басшылары ақылы білім алатын көпбалалы отбасылардың балаларын грантқа көшіруді қарастыруда.

Бұдан бөлек, әкімдік көмегіне жүгінген 9 отбасыға тұрғын үй көмегі көрсетіледі. 5 отбасының асыраушысы тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Айта кетерлігі, қала әкімдігі ірі кәсіпорындар: "Богатырь Көмір" ЖШС, "Шығыс" кеніші, МАЭС-1, МАЭС-2 станциясы басшыларына қарамағында көпбалалы отбасынан еңбек ететін жұмыскер болса, тұрғын үй алу үшін пайызсыз қарыз беруді немесе 7-20-25 бағдарламасына қатысуға алғашқы жарнаны төлеуге көмектесуге шақырды.

Сонымен бірге, қала билігі қазіргі уақытта көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалардың балабақшаға тегін баруы мен көпбалалы аналардың қоғамдық көліктерде тегін жүруі сияқты мәселелермен айналысып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу