16 жастағы жасөспірім синтетикалық есірткіге арналған жасырын қойма ұйымдастырмақ болған сәтінде қолға түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, мектеп оқушысы мессенджерлердің бірінен оңай табыс уәде етілген хабарландыруға қызығып, байланыс орнатқан. Сол арқылы ол есірткі қаптамаларын таратуға тартылған.
Жеке тінту кезінде қыздың сөмкесінен белгісіз зат салынған 15 дана изоляциялық таспамен оралған түйіншектер табылды. Сараптама нәтижесіне сәйкес, бұл заттардың жалпы салмағы 4 граммды құрайтын синтетикалық есірткі екені анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Алайда, ауыр және аса ауыр қылмыстардың кейбір түрлері, соның ішінде есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар үшін 14 жастан бастап жауапқа тарту қарастырылған.
Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері басқа мемлекеттік органдардың мамандарымен бірлесе отырып, білім беру мекемелерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.