Екібастұзда 5,5 мыңнан аса тұрғын үй жылусыз отыр

790

 Екібастұзда 5,5 мыңнан аса тұрғын үй жылусыз отыр

Екібастұз қаласының жеке секторында 5574 үйдің 17-сі ғана дайындық актісін алған. Осыған байланысты 5557 тұрғын үй жылусыз отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен жиын барысында "Павлодар жылу желілері" ЖШС-нің бас директоры Марат Иманаев мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Кеншілер қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтың айтуынша, бүгінгі күні 662 тұрғын үйдің 530-ы немесе 80 пайызы жылуға қосылған. Солнечный кентінде бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды. Сонымен қатар, "Павлодар жылу желілері" ЖШС-нің кесірінен 29 үйге 7-қазанға дейін жылу берілмейді. 

"Ломоносов және Целинная көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні екінші көшеде жұмыс аяқталған. Жетінші жылу магистарлінің 250 метрі жарылған. 7-қазанға дейін жағдайды ретке келтіруге уәде беріп отыр. Южный кентінде 600 үй жылусыз қалды. Қазіргі таңда соғыс ардагерлері тұратын аумақты Абай көшесіне қосып отырмыз", - дейді Қайрат Нүкенов.

Десе де, Марат Иманаевтың сөзінше, Екібастұздағы жылыту маусымына қатысты туындаған мәселеге "Павлодар жылу желілері" ЖШС кінәлі емес. - Бұл жағдай жыл сайын қайталанып келеді, - дейді Марат Иманаев. - Тұрғындар өз беттерімен жылу жүйесіне қосылады. 7-қазан күні жеке секторды тұтастай қосқан кезде гидравликаны басқару мүмкін болмайды. Қазан айы бойы көпқабатты және жеке сектордағы үйлерде қалыпты параметр бұзылады. Себебі, жеке сектордағы жылу жүйелерінің зақымдануы орын алады. Сондықтан қазан айы бойы Екібастұзда жылу маусымы бойынша қиындық туындайды. Бүгінгі күні жеке секторда дайындық актісін алған 17 үйден басқа бір де бір үйге жылу берілмейді.

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов аймақ басшысына қос тарапта туындаған дауға қатысты мәселені энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бақылауға алғанын жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу