Екібастұзда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында пәтер кілтіне ие болды, деп хабарлайды ТҮҚЖБ баспасөз қызметі.
Жаңа бес қабатты үй 80 пәтерден тұрады. Бұл – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында салынған алғашқы нысан. Осыған дейін өндірістік қала Екібастұзда әлеуметтік тұрғын үй тұрғызылмаған болатын.
Жаңа баспанаға қол жеткізген құқыққорғау органдарының қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпорын жұмысшыларына берілген бұл пәтерлердің 1 шаршы метрі 90 000 теңге.
Банк салымшыларына пәтер кілтін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен банктің облыстық филиалының директоры Талғат Баилов тапсырды.
"Басында бір шаршы метрдің бағасы 115 мың теңге болатын. Бірақ біздің банкте салымы бар, орташа жалақысы 80 000 теңге болатын Екібастұз тұрғындары үшін бұл сома ауырлау болатын еді. Осы себепті аталған мәселені шешу үшін облыс әкімдігімен байланыстық. Аймақ басшысы бұған түсіністікпен қарады, нәтижесінде клиенттеріміз бұрынғыдан да төмен бағамен баспана сатып алып, жаңа үйге кіруге дайындалып жатыр", - дейді Талғат Баилов.