Екібастұзда апат салдарын жою жұмыстары жалғасуда

484

Екібастұзда апат салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдай кезінде келтірілген залал мен шығынның орнын толтыру қаладағы жылу орталығының мойнында. 

Екібастұзда апат салдарын жою жұмыстары жалғасуда Фото: Halyq Uni

Әйтсе де, жөндеу жұмыстары кей тұрғындардың көңілінен шықпай жатыр. Ал, 19-желтоқсаннан бері әлеуметтік нысандарға жылу беріліп, білім ошақтары мен балабақшалар қалыпты оқу үрдісіне көшкен

Екібастұзда тұратын жалғызбасты ана Гүлнәр Ниязбаева, екі аптадай суық үйде күн кешті. Сол кезде үш баласын туыстарының үйіне паналатуға мәжбүр болған. Қазір жылу беріліп, жарылған батареялар ауыстырылды. Алайда, бүлінген пәтерді жөндеп қалпына келтіруге ешкім құлықсыз. Жылу орталығы қажетті материал жоқ десе, әкімдік өкілдері мүлде бас сұқпаған. 

Үкімет, Екібастұздағы төтенше жағдай кезінде келген залал мен шығынды өтеуді толықтай монополист компанияның мойнына ілгені белгілі. Олар коммуналдық желілерді қалпына келтіріп қана қоймай, бүлінген пәтерлерді де жөндеп беруге міндеттелген. 

"Қазіргі кезде апаттан көп зақым келген 50-ден аса пәтерлерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы он баспананың жөндеуін осы аптаның соңында аяқтаймыз. Ары қарай да жұмыстар жалғасады. Қажетті құрылыс материалдары толықтай жеткілікті", деді "Павлодарэнерго" АҚ бас директорының міндетін атқарушы Вадим Лесин.

Екібастұзда төрт мектепте әлі де жылу жеткіліксіз

Кешегі Үкімет отырысында есеп берген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, осы аптадан бастап Екібастұздағы балабақшалар мен мектептердің жұмысы жанданды деген еді. Әйтсе де, кеншілер шаһарындағы төрт мектептің оқушылары әлі де онлайн форматта білім алуда. Өйткені, сынып ішінде жылу параметрі сабақ өткізуге жеткіліксіз. 

"Қаладағы 25 мектептің төртеуінің оқушылары қашықтан оқиды. Олар №1, №24, №11 және №12 мектептер. Онда жылу деңгейі төмен. Күнде мониторинг жүргіземіз. Бөлме температурасы жеткілікті болған кезде оқу қалыпты үрдіске көшеді", деді Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.

Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, Екібастұзда апат кезінде жылудан ажыратылған көпқабатты және жер үйлердің барлығы да осы күні қосылған. Дегенмен, жылу теңгеріміне шағымданып арызданушылар әлі бар. Параметрді теңестіру жұмыстары атқарылуда. Алдағы уақытта апат қайталанбау үшін, жылу орталығының үш қазандығы жөнделіп жатыр. Ал жылу желілеріне техникалық аудит әзірленді.

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу