Екібастұз қаласында құрылып жатқан "Алау" драма театрының алғашқы қойылымы қазан айының соңында болады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Біздің қалада бұған дейін бұл бағытта өнер көрсететін театр болған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін драма театрын жаңадан ашуды қолға алдық. Өнер ұжымының құрамында жеті әртіс бар. Олардың төртеуі ер адам болса, үшеуі - әйел. Барлығы 30-дан асқан адамдар. Театрға қабылданатын үміткерлердің жас мөлшеріне шектеу қойылмаған, - дейді театрдың негізін қалаушы және Екібастұздағы "Өнер" мәдениет орталығының режиссері Қайрат Болатұлы.
Жаңа театрдың тағы бір ерекшелігі, қабылданып жатқан әртістерінің ешқайсысы бұрын өнер саласында қызмет етпеген. Яғни, театрдан, өнерден хабары бар әртүрлі мамандық иелері. Қазан айының соңында болатын бірінші премьераға орыс жазушысы Александр Вампиловтың "Періште мен бетпе-бет" спектаклінің қазақшаланған нұсқасы сахналанады.
"Алдағы мақсатымыз - бірінші қойылымды ойдағыдай көрсетіп, көрерменнің ықыласын алу. Содан кейін жергілікті билікке театрға жеке ғимарат салу және арнайы штат ашу мәселесін жеткіземіз", - дейді режиссер.