Екібастұздағы тұрғындардың бірі полицияға көршілерінің 10 жастағы ұлы үнемі қараусыз қалатынын айтып шағымданған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Арыз бойынша келген полиция қызметкерлері ерлі-зайыптылардың мас күйінде жатқанын, ал баланың үйде жоқ екенін анықтаған. Ата-анасы баланың қайда екенін түсіндіре алмаған. Полицейлер баланы өздері іздеп тапты. Кішкентай бала ата-анасының үнемі ішімдік ішкенінен шаршап, әжесінің үйіне кетіп қалған көрінеді.
"Ұлдарын дұрыс қарамағаны үшін және алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланғаны үшін екі ата-ана да жауапқа тартылды. Іс сотта қаралып, әрбір ата-анаға 7 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды", – делінген Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия ата-аналарға сынақ мерзімін тағайындады. Бір айдың ішінде олар ішімдік ішуді тоқтатып, баласын қамқорлығына алуы тиіс.