Бүгін Жұма намазында кеншілер шаһарында "Ел үлесі пәтерге" жобасы аясында кезекті пәтердің кілті табысталды. Бұл Павлодар облысы бойынша берілген 4-інші, ал республика бойынша табыс етілген 139-пәтер.
Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы мешіттердің жамағаттары жинаған қаржыға сатып алынған пәтер Батан Жұмахан есімді тұрғынға бұйырды. Оның жұбайы осыдан екі апта бұрын қайтыс болған. Ол балаларымен жалғыз қалып отыр. Балаларының үлкені 8 жаста, кішісі екіден енді асқан. Осылайша, қалалық мешіттер жамағаттары аталған жалғызбасты анаға пәтер табыстау туралы ортақ шешімге келгенін атап өткен абзал.
Батан Жұмаханға пәтер кілтін екібастұздық жамағаттың алдында "Мәшһүр Жүсіп" орталық мешітінің наиб имамы Қанат Қабаев пен "Зекет" қайырымдылық қорының Павлодар облысындағы өкілі Қанат Алпысұлы табыстады.
"Павлодар облысы бойынша "Ел үлесі пәтерге" жобасы аясында кезекті, төртінші пәтер табыс етілді. Пәтерлер қала мешіттері жамағаттарынан жиналған қаржыға сатып алынғанын бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табары анық. Ауызбіршілік танытып, игі шараға атсалысқан ағайынға ризашылығымызды білдіреміз", – деді "Мәшһүр Жүсіп" орталық мешітінің наиб имамы Қанат Қабаев.
Өз кезегінде пәтерге ие болған Батан Жұмахан "Ел үлесі пәтерге" жобасын ұйымдастырушыларға, акцияға үлес қосқан барша жамағатқа алғысын білдірді.