2 қазандағы жағдай бойынша Екібастұз жылу электр орталығында 2 қазандық жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Абай, Энергетиктер, Кеншілер көшелері (Абай көшесінен Б. Момышұлы көшесіне дейін), Пішембаев көшесі (М. Жүсіп көшесінен Абай көшесіне дейін), Мәшһүр Жүсіп көшесі (ЖЭО-нан ТЖ вокзалына дейін) және Әуезов көшесі (Энергетиктер көшесінен Қонаев көшесіне дейін) бойындағы 8 жылу магистралі толтырылып, іске қосылды.
3-8 қазан аралығында көпқабатты үйлерге жылу беріледі. Алғашқы болып № 1, 3, 4, 5А, 5Б, 6, 8, 9, 15, 19, 20, 22, 30, 31 шағынаудандардың көпқабатты үйлері жылу қабылдайды.
Күн сайын 140 үйді жылуға қосу көзделіп отыр.
9-10 қазан аралығында жеке секторды жылумен қамтамасыз ету жоспарланған.
Қаладағы 90 әлеуметтік нысаннан 40 нысан қосылды. 3 қазанда қалған 50 нысанға жылу берілуге тиіс.
Өңір басшысы Екібастұз қаласының коммуналдық қызметтеріне жылуды кезең-кезеңімен іске қосуды бақылауда ұстауды және қазан айының соңына дейін бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілген жылу құбырларын оқшаулауды тапсырды.