Елімізде вейптер мен оларға арналған сұйықтықты сатуға болмайды. Соған қарамастан, жер-жерде бұл өнімдердің заңсыз саудасы қызып тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сондай сауданың жолын екібастұздық полицейлер кесті. Мұнда 5,5 мыңнан астам вейп пен сұйықтық құйылған 1 мың құты тәркіленді. Бұл өнімдердің жалпы сомасы 55 млн теңгеге бағаланып отыр. Белгілі болғандай, күдіктілер сатуға тыйым салынған тауардың ірі партиясы кеншілер шаһарындағы өндірістік базалардың бірінше сақтап келген.
"Полиция қызметкерлері ғимарат ішінен 5503 дана вейп пен 1097 құтыны анықтады. Заңсыз тауарлар сату үшін сақталған. Жастар бұл өнімді сатуға болмайтынын біле тұра мессенджерлар мен әлеуметтік желілер арқылы олардан табыс тауып отырған", - дейді Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетінің атқарушы Төлеген Құдайбергенов.
Аталған жағдайға байланысты екі азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Одан бөлек, рейд барысында электронды темекі тасымалдаған көлік жүргізушісі анықталды. Ол тауарды интернет-дүкен арқылы түскен тапсырыс аясында белгіленген мекенжайларға жеткізумен айналысқан. Бұл іс те тергеп, тексерілетін болады.