Екібастұзда Мәшһүр Жүсіпке ескерткіш қойылады

1287

Екібастұзда Мәшһүр Жүсіпке ескерткіш қойылады

Екібастұз қаласындағы орталық көшелердің бірінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қоладан құйылған ескерткіші бөй көтермек, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мәдениет, өнер және тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімінің бас маманы Қайырбек Қарғасековтың айтуынша, қазіргі күні конкурс жарияланып, алты эскиз қабылданған.

"Бізге Қарағанды, Астана, Павлодар қалаларының мүсіншілерінен алты жұмыс келіп түсті. Тарихи мүсіннің биіктігі алты метр болады деп жоспарлануда. Ол қоладан құйылуы ықтимал. Жыл соңына дейін ескерткіш Екібастұз қаласында тұрғызылмақ, – деді Қайырбек Қарғасеков.

Бүгінгі таңда Павлодар облысында 283 ескерткіш тіркелген. Оның үшеуі - республикалық маңызы бар ескерткіштер. Бұл Павлодар қаласындағы Деров көпестің сауда үйі, Ақтоғай ауданындағы Естай Беркімбаев пен Баянауыл ауданындағы Жаяу Мұсаның зираттары.

"ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылғы 2-желтоқсанындағы 371-бұйрығына сәйкес бөй көтерген мүсін бес жыл өткен соң ғана ескерткіштер қатарына қосылады. Павлодар қаласында соңғы жылдары құйылған Жүсіпбек Аймауытов, Баян батыр мен Малайсары Тарханның мүсіндері ескерткіштер тізіміне енгізілген жоқ. Сондай-ақ, біз арнайы комиссия құрып, шалғайдағы елді мекендердегі трактордың, Карл Маркстың, Энгельс пен Лениннің мүсіндерін ескерткіштер тарапынан сызып тастадық", – деп атап өтті бас маман.

Айта кетерлігі, облыстық мәдениет басқармасына келіп түскен жұмыстар сараптаудан өтіп, республикалық комиссияның талқылауына жіберіледі. Содан кейін ғана Мәшһүр Жүсіптің ескертішінің қандай болатыны анықталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу