Отын-энергетика саласына қажет кадрларды даярлау және қайта даярлау өңіраралық кәсіби орталығының аумағында өрт шықты. Бұл туралы облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Кеше сағат 14.01-де кезекшілік бөліміне Мәншүк Мәметова және Беркімбаев көшелерінің қиылысында орналасқан оқу орталығының төңірегінде бір қабатты ғимараттан өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. 60 шаршы метр аумақта ағаш құрылымдар, шатыр мен жылытқыш жанған", – дейді департаменттен.
Тілсіз жау электр сымдарының тұйықталуы салдарынан орын алған. Қазіргі таңда келтірілген шығын көлемі анықталуда.
Айта кетсек, 700 орындық орталық 15 корпустан тұрады. Оған екі жатақхана, оқытушыларға арналған қонақ үй, оқу корпустары, кітапхана, спортзал, ас үй және басқа да ғимараттар кіреді.