Екібастұздағы "Green House KZ" жылыжайында өсірілетін гүл бағасы 40 пайызға қымбаттады. Мұндай жағдайды гүл өсірушілер келе жатқан халықаралық әйелдер күніне орай сұраныстың артуымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жылыжай басшысы Айтмағамбет Сәрсенбекұлының айтуынша, алда келе жатқан 8-наурыз мерекесіне орай раушан гүліне тапсырыс берушілердің қатары күрт өскен.
"Мереке жақындаған сайын аналарына, әйелдеріне және қыздары мен қарындастарына сыйлау үшін гүл алушылардың қатары күрт өсті. Осыған орай өнім көлемін бұрынғыдан 20-25 пайызға ұлғайттық. Қазіргі таңда айына 600 мың дана гүл сатылымға шығарамыз. Ал, бағасын да 30-40 пайызға қымбаттатып, 250 теңгеден сатудамыз", – дейді Айтмағамбет Сәрсенбекұлы.
Айта кетейік, "Green House KZ" жылыжайының ашылғанына бір жылдай уақыт өтті. Қазіргі таңда 80 адам жұмыс істейді. Мұнда өсірілетін раушан гүлдері Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарына және Астана қаласында сатылуда. Сонымен қатар, былтырғы жылдан бергі өнімнің 60 пайызы Ресейге экспортталған. Биыл бес гектар жерге қызанақ өсіру жоспарланған. Оған қосымша 60-70 адамды жұмыспен қамту көзделуде.