Павлодар облысының Екібастұз қаласында синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция зертханаға қатысы бар ағайынды екі тұрғынды ұстады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдіктілер тұрғын үйдің ауласындағы гаражды арнайы жабдықтап, онда синтетикалық есірткіні ірі көлемде өндіруді жолға қойған.
Тінту кезінде 10 келіден астам альфа-PVP психотроптық заты, 860 литр химиялық сұйықтық, оның ішінде 300 литрлік реактор-сыйымдылық, зертханалық ыдыстар, таразылар және жеке қорғаныс құралдары тәркіленді.
Тергеу барысында есірткі өндірісін "Signal" мессенджері арқылы куратор үйлестіріп отырғаны анықталды. Ол өндірістің барлық кезеңін бақылап, прекурсорлар жасырылған орындардың орналасқан жерін күдіктілерге хабарлап отырған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір прекурсорларды жеткізу арналары мен есірткі өндірісін ұйымдастыруға қатысы бар басқа да адамдар анықталып жатыр. Кінәлілерге өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Ішкі істер министрлігі есірткі өндіруге бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті.