Екібастұзда су аққан пәтер иелерінің шығыны қалай өтелетіні айтылды

994

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин баспасөз жиынында су аққан пәтер иелерінің шығыны қалай өтелетінін мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Екібастұзда су аққан пәтер иелерінің шығыны қалай өтелетіні айтылды Фото: BaigeNews.kz

 

"Қыс кезінде суық үйді жылыту өте қиын. Өкінішке орай, кейбір үйлерде батарейлердің жарылуы орын алды. Жарылған батарейлердің барлығын үйге жылу бермей тұрып бірден ауыстырып жатырмыз. Бірақ үйге жылу бергеннен кейін көзге сау болып көрінген кейбір батарейлер ыстық су келген кезде жарылып кетіп жатыр. Ондай жағдай көп емес, бірақ бар", - деді Аян Бейсекин.

Қала әкімінің айтуынша, бұндай мекенжайлар бойынша арнайы апаттық бригадалар құрылған. Олар тез арада барып, қалпына келтіріп жатыр.

Аян Бейсекин пәтерлері бүлінген тұрғындарға міндетті түрде тиісті шаралар қолданылатынын атап өтті.

"Ең бірінші төтенше жағдай режимі аясында қарастырылатын қаражаттар бар. Одан басқа "ЦАЕК" басшылығы, ЖЭО басшылығы бар. Олар пәтерді жөндеуді өздерінің жауапкершілігіне алады. Оны біз жеке қадағалаймыз", - деді Аян Бейсекин.

Бүгінде төтенше жағдайға арналған қаражат есебінен ешқандай төлемдер жасалмаған. Себебі кез-келген шағымды ең бірінші арнайы комиссия қарап, саралауы керек.

"Комиссия тиісті шешім қабылдап, негіздемесін жасағаннан кейін төлемдерді төлейтін болады. Заңнама аясында жалпы бюджеттің 1 пайызы қарастырылуы тиіс. Бізде жылдың басында қала бюджетінен 400 миллион теңгеге жуық қаражат қарастырылған болатын. Бірақ ол қаржы игерілмей қалмас үшін біз басқа бағдарламаларға бағыттағанбыз. Алда тағы бір бюджетті нақтылау бар. Сол кезде орнын толтырамыз. Бұнда ешбір мәселе жоқ", - деді Аян Бейсекин.

Сондай-ақ қала әкімі облыстық бюджетте де төтенше жағдайға арналған қаражат бар екенін, қажет болса оған да сұраныс жіберетіндерін атап өтті. Бірақ әзірге ондай көлемде шығын болады деп күтіліп отырған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу