Еліміздің басым бөлігін электр энергиясымен қамтып отырған Екібастұз қаласында қуаттылықты арттыру мақсатында бірқатар тың жоба қолға алынбақ. Соның нәтижесінде жаңа энергиялық блоктар мен станция іске қосылады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өңірдің электрэнергетикалық әлеуетін арттыру үшін 2030 жылға дейін ауқымды жұмыс атқару жоспарланып отыр. Соның аясында алғаш болып жыл соңына дейін №1 МАЭС-те №1 қалпына келтіру энергоблогы қолданысқа тапсырылады. Оған жаңа электрсүзгілер орнату арқылы бастапқыда белгіленген қуаттылық – 4000 МВт-қа қол жетеді.
Ал 2026 жылға қарай №2 МАЭС-те үшінші энергоблокты іске қосу арқылы станцияның қуаттылығы 636 МВт-қа артып, жылына қосымша 4,8 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіретін мүмкіндік туады. Араға бір жыл салып дәл осындай қуаттылықпен төртінші, 2029-2030 жылдары бесінші және алтыншы энергоблоктарды қою жоспарда бар.
Бастысы, алты жылдан соң Екібастұзда үшінші МАЭС салу көзделіп отыр. "Самұрық-Энерго" АҚ басшысы Серік Түйтебаевтың сөзінше, соңғы жобадан күтер нәтиже көп.
"Бұл станция қолда бар инфрақұрылымның негізінде салынады. Осы орайда заманауи технологиялар пайдаланылып, қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтар едәуір азаяды", - дейді компания басшысы.
Мамандардың есептеуінше, жаңа станциясы 1200 МВт электр энергиясы өндіріледі.