Осыдан екі күн бұрын шаһардағы екіқабатты баспана отқа оранып, тұруға жарамай қалған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
27 сәуір күні сағат 17.57-де Мәшһүр Жүсіп көшесі, 2 мекенжайындағы тұрғын үйдің төбесін қызыл жалын шарпығаны туралы хабар түскен болатын. Оқиға орнына жеке құрамның 40 қызметкері мен 7 техника жіберілді. Өрт сөндірушілер бірден 30 адамды эвакуациялады. Олардың қатарында 7 бала бар. Тілсіз жау сағат 18.43-те толығымен ауыздықталды. Оттан барлығы 800 шаршы метр аумақ жанып кетті. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталуда.
Екібастұз қалалық әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдайдың алдын алу және салдарын жою комиссиясының кезектен тыс отырысында аталған оқиғаға байланысты нысандық ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялау жөнінде шешім қабылдады.
"Бұл жергілікті атқарушы органның қорынан төтенше жағдайдың салдарын жоюға қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Яғни, қысқа мерзімде қалпына келтіру жұмысын атқаруға жағдай жасайды", - делінген әкімдік ақпаратында.
Қазіргі уақытта қолданыстағы заңға сәйкес қаулы жобасы ашық үкімет порталында талқылау үшін жарияланды.