Павлодар облысындағы мектепке дейінгі мекемелердің бірінде балабақша қызметкерінің балаға қатысты қатыгездік әрекеті бейнебақылау камерасына жазылып, кейін әлеуметтік желілер арқылы тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, оқиға Екібастұз қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде орын алған. Түскі уақытта балалар ұйқыға кеткен кезде бір бала мазасызданып, ұйықтауды қаламаған болса керек. Бейнежазбада көрсетілгендей, әйел адам оның төсегінің жиегіне отырып, көрпемен бетін жабады. Бала қарсылық танытып, көрпені ашқанымен, әлгі әйел оны қайта жауып, бетінен, денесінен шапалақпен соғады. Бұл уақытта басқа балалар ұйықтап жатқан.
"Жайсыз жағдай жекеменшік балабақшаның екі жасқа дейінгі балаларға арналған тобында болған. Баланың анасы көгерген жерлерді байқап, бізге шағым түсірді. Балабақша жекенің иелігінде болғандықтан, директорға қатысты қандай да бір тәртіптік шара қабылдауға қауқарымыз жоқ. Ал бала бағушы жұмыстан шеттетілді", – деді Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Аталған жағдай Екібастұз қалалық полиция басқармасында тіркеліп, тиісті тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесіне қарай тиісті шаралар қолданылады.