Екібастұзда теміржол кластерінің тағы бір зауыты салынады

721

Бүгін өндіріс орнының іргетасы қаланды.

Екібастұзда теміржол кластерінің тағы бір зауыты салынады

Соңғы жылдары Екібастұз қаласы отын-энергетикалық кешенге деген тәуелділіктен арылып, теміржол кластерін де дамытуға бейілді. Осы мақсатта былтыр Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілер шаһары атанып кеткен қалада теміржол клеммаларын шығаратын зауытты іске қосқан еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ал екі жылдан соң теміржол бандаждарын дайындайтын тағы бір кәсіпорын өз жұмысын бастамақ. "Railcast Systems" ЖШС жылына 160 мыңнан астам бұйым өндіріп, оны Ресей нарығына экспорттауды көздеп отыр. Жобаның жүзеге асуына 27,4 млрд теңге жеке инвестиция бөлді. Сондай-ақ "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ 47,2 млрд теңге көлемінде несие берді.

Кәсіпорынның құрылтайшысы Сергей Павлингердің айтуынша, жаңа зауыт 2024 жылы алғашқы өнімін шығарады. Осы уақыт аралығында 100 уақытша, 366 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мамандарды арнайы оқу курстарынан өткізу де ойда бар.

Кәсіпорынның іргетасы қалануына қатысқан Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов сол арқылы Екібастұздың экономикасы жаңа бағыттарды белсенді түрде игеретінін атап өтті.

"Осындай жобалардың көмегімен Екібастұздың экономикасын әртараптандырып, қаланың отын-энергетикалық кешенге тәуелділігінен арылуды жоспарлап отырмыз. Қазір жергілікті теміржол кластерін дамытудың берік негізі құрылып жатыр. Оған Екібастұзда елдегі теміржолдың жоғарғы құрылысының 73%-ының өндірілуі дәлел бола алады", – деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

Локомативті бандаждармен қатар, алдағы уақытта болат құю зауытының құрылысын бастау жоспарланған. Бұл кәсіпорын жылына 1 млн тонна болат дайындауы тиіс.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу