Екібастұзда жылу деңгейі әлі де жеткіліксіз

553

Екібастұзда коммуналдық апат болғалы бір ай өтті. Осыған қатысты жүргізіліп жатқан тергеу нәтижесі әлі шыққан жоқ. 

Екібастұзда жылу деңгейі әлі де жеткіліксіз

Шаһарда 30-дай көпқабатты үйде жылу деңгейі төмен. Жылытқыш қолданып жан баққан жұрт 220 млн теңгенің электр қуатын тұтынған. Оны монополист өтеп беруге уәде етті. Қазірдің өзінде энергия өндіретін компаниямен келісімшарт жасалған. 

Көзді ашып жұмғанша бір ай өте шықты. Екібастұз толықтай қалыпты жағдайға оралды деп айту әлі ерте. Өйткені, жылу станциясында тек төрт қазандық қана істеп тұр. Жақын уақытта тағы екеуін іске қосамыз, дейді жергілікті атқамінерлер. 

Қазір қаладағы 30-дай көпқабатты үйде жылу теңгерімі жеткіліксіз. Апат болған аумақтағы бизнес нысандарда әлі жылу жоқ. Бір мектептің оқушылары онлайн оқып жатыр.

"Бізде 30-ға жуық көпқабатты үйлер тиісті параметрді ала алмай отыр. Ол 30 үйдің көбісі осы аварияға дейін де проблемалық үйлердің бірі болған үйлердің санында. Енді оған қарамастан біз қазір әртүрлі монипулацияларды жасап бұл үйлердің параметрін көтеру бойынша жұмысты атқарып жатырмыз", деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Пәтеріне анағұрлым көп зақым келген елу екі баспанаға жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тағы 300-ден аса пәтер иелерінен шағым түскен. Үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен шығынын жылу беруші мекеме өз мойынына алған. Төтенше жағдай кезінде көптеген үйлер электр құрылғыларының күшімен жылытылды. Бір ай ішінде 220 млн теңгенің қуаты тұтынылған.         

"Біз Екібастұз энерго мекемесімен келісім шартқа қол қойдық. Келісім шарт бойынша біз тұтынушыларға бір айлық тұтыну көлемі бойынша қаржылай көмектесеміз. Біздің статистикалық мәлімет бойынша бір айда біздің Екібастұз қаласының тұрғындары шамамен 220 млн қаржыға сәйкес электр эенергияны тұтынады", деді "Орталық-Азиялық ЭЭК" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал.

Екібастұзда болған апаттан кейін Энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті тергеуді бастаған. Комитет оның нәтижесін екі аптадан кейін жариялап, кінәлілерді анықтаймыз деген еді. Әйтсе де, Сұңғат Есімхановтың мекемесі асығатын емес. 

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу