Екібастұзда жылу құбырынан "субұрқақ" атқылады

Жергілікті билік оны гидравликалық сынақтың нәтижесі дейді. 

Екібастұзда жылу құбырынан "субұрқақ" атқылады Фото: Валерий Бугаев

Екібастұз қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қызу жүргені соншалық, жаңадан салынған кейбір желілер жарылып, одан су атқылауда. Қала тұрғындары бұдан сескеніп, "Қыста былтырғыдай жағдай қайталанбай ба?" деп қауіптеніп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Қаланың орталық көшелерінің бірі – Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойындағы жылу құбырларынан атқылаған "субұрқақтың" видеосы әлеуметтік желілерде жиі тарап кетті. Оны көрген көпшілік "Жылыту маусымы басталмай тұрып осылай боп жатса, қыста қалай болғанбақ?" деген күдік пен күмән астасқан ой-пікірлерін білдіруде. 

Белгілі болғандай, бұл көшедегі №2 жылу магистралі биыл салынған. Мамандар оның беріктігін тексеру үшін қысымды жоғарылатып, гидравликалық сынақтар жүргізуде. Сол кезде жаңа және ескі құбырлардың түйіскен жерін қосатын тығыздағыш компенсатор істен шығып, су атқылаған. Әйтеуір, құбырлар зақымдалмапты. Мамандар ақауды бүгін толығымен жойып, жаңа магистральді сынау және жуу жұмыстарын қайта жалғастырмақ. Айта кетейік, бұл оқиға облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы жөндеу аумағына барардан 10 минут бұрын орын алған. Кейін аймақтың басшысы жағдайды өзі көріп, тиісті тапсырмаларды берді. Сондай-ақ, Абай көшесіндегі үш магистраль қысыммен тексеруден өтті. Енді оларды іске қосу бойынша жұмыстар атқарылуда. 

Бірнеше күн бұрын осындай сынақтар кезінде екібастұздық тұрғындардың бірінің жеке ауласын да су басқан болатын. Бүгінде ақау жойылып, аула тазартылды.

Жалпы, көктемгі және күзгі гидравликалық сынақтардан кейін Екібастұздың жылумен жабдықтау желілерінде барлығы 388 ақау жойылды. Қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштер бойынша орамішілік жылу желілеріндегі 14 проблемалық учаскені жөндеу жұмыстары жалғасуда. 690 көпқабатты тұрғын үйдің 665-і жылуды қабылдауға толықтай дайын. Тағы 25 көпқабатты баспанада ішкі жылыту жүйелерін жөндеу, жуу, сығымдау жұмыстары аяқталуда.

Қалада жылыту маусымын 1 қазаннан бастау жоспарланып отыр. Облыс басшылығы бұл уақытта коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс режиміне көшу керек екенін айтты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу