Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде болған апат салдарынан қаладағы 149 көпқабатты баспана, 114 жеке тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысан жылудан ажыратылған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Олег Круктің айтуынша, осы уақытқа дейін анықталған 15 ірі ақау жойылып, жағдай реттеліп келеді.
"Жылу желілеріндегі ақаудың салдарынан станциядағы қазандықтар автоматты түрде өшіріліп, жылу параметрлерінің төмендегені рас. Таңертең тұрғындарға берілетін жылудың температурасы 44 градусқа дейін түсіп кетсе, қазіргі уақытта оны 84-86 градусқа дейін қайта қалпына келтірдік. Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі магистаральдағы камералар суға толып қалғандықтан осы желіден жылу алатын 149 көпқабатты баспана, 114 жеке тұрғын үй мен 15 әлеуметтік нысанды ажыраттық. 6-8 сағаттан соң оларға қайта жылу беріле бастады. Қазіргі уақытта 20 тұрғын үй, 2 әлеуметтік ғимарат пен бір мекеме ғана әзірше жылуға қосылған жоқ. Бірақ бұл мәселені де жақын арада шешеміз", - деді Олег Крук.
Сонымен қатар, кейбір тұрғын үйде жылумен қатар судың да жоқ екенін айтып, әлеуметтік желілерге жазып жатыр. Бұл жағдайды Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин түсіндірді.
"Жылу-электр станциясының дер кезінде әрекет етпеуі салдарынан 18 көпқабатты үйдің желісіндегі су қатып қалды. Оның ішінде 8 үйдегі жағдай уақыт оздырмай тұрақталса, 10 үй әзірше сусыз әрі жылусыз отыр. Таң атқанға дейін бұл түйткіл де оң шешімін табуы тиіс", - деді шаһардың басшысы.
Апаттық бригадалар құбырлардағы ақауларды анықтау жұмыстарын әлі де жалғастырып жатыр. Жалпы, шаһардағы 422 шақырым жылу желісі жылу-электр орталығына, 80 шақырым жеке тұтынушыларға тиесілі. Бұл құбырлардың шамамен 90 пайызының тозығы жеткен.
Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, "Екібастұз жылуэнерго" кәсіпорны жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізсе, жеке тұтынушылар бұл бағыттағы іспен мүлде айналыспайды. Тек соңғы екі күннің ішінде оларға қарасты құбырлардан 90-нан астам ақау анықталып, ретке келтірілді.