Екібастұздағы №1 электр станциясында жөндеу жұмыстары аяқталды

900

Соның нәтижесінде елде электр энергиясының тапшылығы болмайды.  

Екібастұздағы №1 электр станциясында жөндеу жұмыстары аяқталды

Екібастұз қаласындағы №1 МАЭС-да №7 энергоблокты іске қосу үшін жүргізілген жөндеу шаралары аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Самұрық-Энерго" компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта жылу-электр станциясында барлығы 7 блок жұмыс істеп тұр. Жөндеуден соң мұндағы қуаттылық тәулігіне 3 400-3 500 МВт құрайды.

Жалпы жыл соңына дейін аталмыш станцияда шамамен 22 млрд кВт/сағ электр энергиясы таратылады деп күтілуде. Сөйтіп бастапқы жоспар – 19,2 млрд кВт/сағаттан асып түсуі мүмкін.

Сонымен қатар 27 қараша күні Екібастұздағы №2 МАЭС-дағы энергоблокты жөндеу де аяқталмақ.

"Бүгінде №2 МАЭС-да барлығы 5,7 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл – 2021 жылғы жоспардың 98%-ы. Электр станциясы бір блокты режимде, 460 МВт жүктемемен жұмыс істеуде", – делінген ресми хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы байқалатыны айтылған еді. Кейбір қалалардағы тұтынушыларда жарықтың жиі сөнетіні тағы бар. Сондықтан ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Екібастұздағы №1, 2 МАЭС пен Ақсу қаласындағы МАЭС энергоблоктарының жөндеу жұмыстарын 23 қарашаға дейін аяқтауды жүктеген еді. Соның есебінен №1 МАЭС пен Ақсудағы станция электр энергиясы көлемін 650 МВт, №2 МАЭС 500 МВт-қа арттыруы тиіс.

KEGOG компаниясының мәліметі бойынша, күз-қыс кезінде 17 мың МВт көлемінде жүктеме түсуі мүмкін. Ал отандық генерация көлемі 16 540 МВт-ты құрайды. Қалған 540 МВт Ресейден жеткізіледі.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу