Екібастұздағы 50-ге жуық үйде жылу параметрі әлі реттелген жоқ

Олқылықтарды жаңа жылға дейін жою жүктелді. 

Екібастұздағы 50-ге жуық үйде жылу параметрі әлі реттелген жоқ Фото: Валерий Бугаев

Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Екібастұздағы жылу желілерінде орын алған апаттың салдары толығымен жойыла қойған жоқ. Пәтерлердің ішін жөндеу мен жылу параметрлерін бір қалыпқа келтіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жылу желілеріндегі апаттың салдарынан кейбір пәтерлердегі батареялар жарылып, үйлерді су басқан еді. Оқыс оқиғадан зардап шеккендердің бірі – Мәшһүр Жүсіп көшесі, 55 үйдің тұрғыны Юлия Злей. 27 қарашадан бері жылусыз қалған оның пәтерінде 1 желтоқсанда жылу радиаторлары жарылып, су астында қалды. Қазір мердігер ұйым – елордалық компания тұсқағаздар желімдеп, төбелер тартып, едендегі линолеумді ауыстырды. 

Жалпы, осы уақытқа дейін апаттан зардап шеккен 20 пәтерде жөндеу жұмыстары аяқталды. Ендігі ретте алдағы 10-12 күн аралығында 32 пәтердің ішін ретке келтіру керек. 
Сонымен қатар, 4 көппәтерлі тұрғын үй мен 45 жеке меншік үйдегі параметрлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жылу желілеріндегі 110-ға жуық ақауды жоюмен 86 адам айналысып жатыр. 

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тұрғындар жаңажылдық демалыстарда бүрсең қақпас үшін жұмысшылардың жаңа тобын құрып, дәнекерлеу жұмыстарын бастауды тапсырды. 

Кеншілер шаһарында апаттық жағдайдың туындауына жол бергені үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Сондай-ақ, Асайын Байханов жақын арада басқа адамдарға қатысты тиісті кадрлық шешімдерді қабылдайтынын жеткізді. Айтқандай-ақ, бүгін таңертең өңірдегі жылумен қамту мәселесіне жауапты болған бірінші орынбасары Олег Круктың орнына Хасар Хабылбековті тағайындады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу