Екібастұздағы апат: "Көпқабатты үйлерге жылуды 5-10 күн ішінде беру – ұзақ уақыт"

581

Екібастұздағы төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары нақты ұйымдастырылды.   

Екібастұздағы апат: "Көпқабатты үйлерге жылуды 5-10 күн ішінде беру –  ұзақ уақыт" Фото: inform.kz

Қалада жылуға қосылмаған 40 жекеменшік үй қалып отыр.  Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Рavlodarnews.kz порталына берген сұхбатында хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

"Екібастұз – жылу желісі сумен жабдықтау желілерімен бірге өтетін республикадағы жалғыз қала. Жылу беру тоқтаған кезде – су беру де тоқтады. Үй жылусыз қалған кезде көбінде кәріз жүйесі жарылды. Тұрғындар көптеген қолайсыздыққа тап болды. Қажетті шаралар қабылданып, бұл жағдайдан сабақ алынады", - деді ол.

Роман Скляр Екібастұздағы апатта монополистің жауапкершілігіне қатысты пікірін де білдірді.

"Монополистті тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуге міндеттейтін тиісті заң бар. (...) Тұтынушыларға бұл қателікті кім жібергені маңызды емес. Ол қызмет ақысын төлейді. Егер монополист техникалық тұрғыдан қиын жағдайда болса, бұл қызметті ұсына алмаса, онда бұл тұтынушының емес, оның мәселесі. Апатқа не себеп болды дегенге келер болсақ. Бұл қызметкерлер тарапынан жіберілген қателік болды ма, әлде акционердің кінәсі ме – оны тексеріс нәтижесі көрсетеді. Ешкім де жауапкершіліктен жалтармайды", - деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, апаттың себебі тергеуден кейін жария болады. Бұдан бөлек Екібастұздағы апаттан алынған сабақ туралы да айтты.

"Апатқа әкелген себептерді есепке алмағанда, ең бастысы төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары нақты ұйымдастырылды. Апат қаншалықты үлкен болғанына қарамастан, оны жоюдың нақты ортақ алгоритмі, яғни төтенше жағдайда кім және қалай әрекет ету керек деген алгоритм болуы тиіс. Себебі бәрі де соған байланысты.  Коммуналдық апаттардың салдарын қысқа мерзім ішінде және сапалы жоюымыз керек. Көпқабатты үйлерге жылуды 5-10 күн ішінде беру өте ұзақ уақыт екенін мойындаймын. Егер де мұндай жағдай орын алса, біз не істеу қажеттігін білуіміз керек. Суды төгу – мұндай кезде ойға бірінші келетін қарапайым әрекет. Төтенше жағдай алынып тасталғанына қарамастан, жұмыстар әрі қарай жалғасын табады.

Екі тұрғын үй кешенінде сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін қалпына келтіріп жатырмыз. Жылуға қосылмаған 40 жеке үй қалды, жұмыстар жалғасуда. Десек те, жалпы қаланы тұрақты жылумен қамтамасыз етуде қауіп жоқ. Коммуналдық қызметтер жұмысын сапалы атқарады деп  сенемін", - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары. 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу