Соңғы ақпарат бойынша, Екібастұз қаласындағы 58 көпқабатты тұрғын үй әлі жылу желісіне қосылған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Екібастұз қаласына арнайы келіп, жөндеу бригадаларының жұмысымен танысқан Үкімет басшысының бірінші орынбасары журналистер сұрақтарына жауап берді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда желідегі негізгі ақаулар жойылды. Қазір 41 үйге жылу беру үшін дайындық жүріп жатыр. Ал ертең қалған 17 үй жылуға қосылуы керек.
"Тұрғындармен кездесіп, олардың жағдайын көрдім. Пәтер ішіндегі температура - 10 градус. Бұл жұмсартып айтқанда "жайсыз" жағдай. Азаматтарға жылыту пунктеріне, басқа да жерлерге уақытша орын ауыстыруды ұсынғанымызда көбі бас тартты", - дейді Роман Скляр.
Брифинг барысында бірінші вице-премьер жұртты осындай әбігерге салған апаттың алдын ала себебін де айтты.
"Алдын ала болжам бойынша, жылу желілеріндегі ақаудың шығуына станция қызметкерлерінің қысымды бірден көтеріп жіберуі себеп болды. Бұған шыдас бермеген ескі құбырлар жарылды. Қызметкерлердің мұндай қадамға неге барғаны, мұндай қателіктің не себепті орын алғаны құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуден кейін белгілі болады", - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, жылу-электр орталығы басшылығының жауапкершілігі де тергеу жұмыстарынан соң анықталады.