Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде болған ақаулар мен оның салдарын жою үшін әлі де жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
27 қарашада орын алған төтенше жағдайдың зардабы тұрғындарға ауырға соқты. Жүздеген тұрғын үй жылудан ажыратылып, пәтерлерде жылу батареялары жарылды. Соның салдарынан кейбір пәтерлерге әлі де жылу беру мүмкін болмай отыр.
Бұған дейін жедел штаб өкілдері шығынның барлығы жылу-электр станциясы басшылығы тарапынан өтелетінін айтқан еді. Мұны "Орталық-Азиялық Электр энергетикалық корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал растады.
"Компания жөндеу-қалпына келтіру шараларына қазірдің өзінде 891 млн теңге бөлді. Сондай-ақ, апат аймағында қалған баспаналардың иелеріне қараша-желтоқсан айларындағы жылу ақысы қайта есептеледі",-деді басқарма төрағасы.
Жалпы, Екібастұздағы жылу желілерінің 91 пайызы тозған. Биыл 600 метр құбыр мен станциядағы құрал-жабдықты жөндеуге барлығы жарты млрд теңге бөлінген еді.