Екібастұздағы төрт "Маугли" баланы бақылауға алмаған шенеуніктер жұмыстан қуылды

929

Тағы бір топ қызметкерге қатаң сөгіс жарияланды. 

Екібастұздағы төрт "Маугли" баланы бақылауға алмаған шенеуніктер жұмыстан қуылды

Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен анықталған көпбалалы отбасының мәселесіне қатысты ішкі тергеу жұмыстары аяқталды,  деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Естеріңізде болса, осыдан екі апта бұрын 2014, 2016, 2017 және 2018 жылдары туған төрт балалы отбасының қиын жағдайға тап болғаны анықталған еді. Ата-анасы ащы суға жақын отбасының балалары балабақша мен мектепке бармайды. Тіпті, сөйлеуді, жүруді, өздігінен тамақтануды білмейді.

Бұл мәселе жергілікті биліктің ғана емес, Үкіметтің де назарын аудартып, вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған топ арнайы кеңес де өткізген болатын. Ал облыстағы құзырлы орган өкілдері мен тәуелсіз сарапшылардың құрылған жұмыс тобы ішкі тергеу жұмысын жүргізді.

Соның нәтижесі бойынша, Екібастұз қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары С.Көжелдақов пен Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшысы С.Майдисаров қызметінен кетті.

Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары М.Маликоваға, Ақсу қалалық ауруханасына қарасты дәрігерлік амбулаториялардағы жалпы тәжірибе дәрігері бөлімінің меңгерушісі Б.Нұралдиноваға және Екібастұз қаласы жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік қызметкері Б. Кишевқа қатаң сөгіс жарияланды.

Білім мен денсаулық сақтау саласындағы тағы бір топ қызметкер сөгіс алды.

Сонымен қатар, арнайы құрылған жұмыс тобы алдағы уақытта осындай оқиғалар қайталанбас үшін білім, денсаулық, әлеуметтік қамту, полиция органдарына қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтау мен қолдауға қатысты бірқатар ұсыныс енгізді.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жағдайды бақылауда ұстай алмаған Ақсу қаласының әкімі Жанат Шұғаев пен Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаевқа қатаң сөгіс берген еді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу