Екібастұздағы тұрғын үйлер әлі де жылудан ажыратылуда

Бұл жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты.   

Екібастұздағы тұрғын үйлер әлі де жылудан ажыратылуда Фото: Валерий Бугаев

Екібастұз қаласында өткен жылдың қараша айында жылу желілерінде орын алған апаттан соң жылумен қамту мәселесі әзірше бір рет келмей отыр. Жылу-электр станциялары да ара-тұра істен шығып, жағдайды одан әрі қиындатуда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Кеше кешкісін Екібастұз қаласындағы жылу-электр станциясында тек үш қазандық – екі энергетикалық және бір су жылыту қазандығы жұмыс істеп тұрған-ды. Бүгін таңертең тағы екі қазандық қайта іске қосылды. Сәлден соң тағы бір қазандық жұмыс істеуі тиіс. Сөйтіп, жоспар бойынша, 7 ақпанда жұмыс істеп тұрған қазандықтардың саны алтауға жетуі керек.

"Қазандықтарды толық тазарту қажет. Бірақ мұны жылу маусымы кезінде жасау мүмкін емес. Өйткені, барлық қазандықты толық тоқтату қажет. Қазір ЖЭО 7 қазандықты ауқымды күрделі жөндеуге дайындауда. Сондай-ақ, қаланың 4 негізгі жылу магистралін қайта құру жобалануда. Жұмысты көктемде бастау жоспарланып отыр. Барлық ағымдағы жөндеу жұмыстары тәулік бойғы режимге ауыстырылды", - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда Екібастұздағы жылу-электр станциясындағы жұмыстарға екі ауысымда 130 адам жұмылдырылған. Облыс орталығы мен басқа да өңірлерден жиналған қосымша бригадалар жасақталды.

Басқа бригадалар желілерді жөндеу жұмыстарымен айналысуда. Сондықтан қаладағы тұрғын үйлер кезең-кезең бойынша жылудан ажыратылуда. Айталық, "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС хабарлауынша, бүгін Мир көшесі, 1 және Тепличный, 8-18 өтпе жолы аумағындағы кварталішілік құбырдың екі учаскесі ауыстырылады. Сондықтан бұл учаскелерде 9.00-ден 17.00, 18.00-ге дейін жылу болмайды.

Одан бөлек, бүгін сағат 14.00-ге дейін ақауды жою жұмыстарына байланысты Арбиев көшесі, 25/1 учаскесі жылудан ажыратылады.

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа Екібастұздағы қала тұрғындарының пәтерлерінде және әлеуметтік нысандарда температура режимін тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жылыту маусымын және жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстауға тапсырма берді.

Бұдан соң аймақ басшысы жылу желілеріндегі жөндеу барысын тағы бір мәрте тексерді. Ол станцияға барғанда үш-ақ қзаандық жұмыс істеп, жылу беру параметрлері 52/39 градус болған-ды. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір бес қазандық істеп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу