Екібастұз қаласында 2010 жылы пайдалануға берілген "Қазақстанның вагон жасау компаниясы" ЖШС қырғыз елінен 100 вагонға тапсырыс алды, деп хабарлайды abctv.kz.
Компанияның бас директорының орынбасары Берікбай Әміржанов көршілес Қырғыз елінен 100 вагонға тапсырыс алғанын айтты. Сонымен қатар "Қазтеміртранс" ЖШС-дан – 1800, еліміздің жекеменшік компанияларынан - 300 вагонға тапсырыс түскенін баяндады.
"2018 жылы зауыт 2500 вагон құрастыруды жоспарлап отыр. Қосалқы құрал-жабдықтарды жақын жердегі "Проммашкоплекттен" тасымалдаймыз. Екі кәсіпорын арасында міндеттеме белгіленген", – дейді Берікбай Әміржанов.
Дәл қазір вагон жасау зауытында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мұндағылар бірінші кезекте Қырғыз елінің тапсырысын орындамақшы. Берікбай Әміржановтың айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпорында 300-ден астам адам жұмыс істеп жатыр.