Екібастұздағы жылу-электр станциясында тағы да апаттық жағдай орын алды

Тұрғын үйлерге берілетін жылу температурасы күрт төмендеп кетті. 

Екібастұздағы жылу-электр станциясында тағы да апаттық жағдай орын алды Фото: Есенжол Исабек

Екібастұз қаласындағы баспаналар мен әлеуметтік нысандарында төтенше жағдайдан соң жылу параметрлері әлі толығымен реттеле қойған жоқ. Ал жылу-электр станциясындағы негізгі құралдардың істен шығуы жағдайды одан әрі ушықтыра түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Кешеден бері екібастұздықтар қақаған аязда үйдің іші тағы суытып кеткеніне шағымданып, әлеуметтік желілерде жарыса жазып жатыр. Тіпті, кейбір пәтерлерде температура 5 градусты көрсетті.

Мұның себебін "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС басшысының міндетін атқарушы Дмитрий Захаров түсіндірді. Оның айтуынша, құралдарда ақаудың туындауына байланысты қалаға берілетін жылу параметрі төмендеді. Температура 66 градусқа дейін түсті. Қазір проблема туындаған #14 қазандық агрегаты жөнделіп, іске қосылып жатыр. Соның есебінен температураны 75 градусқа дейін көтеру жоспарланып отыр. Ал жылудың жеткіліксіз болғаны үшін тағы да өтемақы төленбек.

Қазіргі уақытта барлығы 6 қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр. Бұған дейін тұрғындар шағымына орталықтағы жұмыс штаттық режимде деп жауап берген қала әкімі Аян Бейсекин жазбасын өшіргенге ұқсайды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу