Екібастұздағы жылу станциясында тағы да плита құлады

Жылу-электр орталығында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Екібастұздағы жылу станциясында тағы да плита құлады Фото: Валерий Бугаев

Өткен жылыту маусымындағы қақаған қыста жылусыз қалған Екібастұз жылу-электр станциясында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ оның барысынан түсірілген фото, видеолар әлеуметтік желі қолданушыларының бойына сенім ұялатудың орнына күдік тудырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Кеншілер шаһарында 1 маусымда газ құбырлары мен №3 түтін құбырларын жөндеу басталды. Бірінші кезеңде аралық біліктерді орнату, газ құбырларын бөлшектеу, төбелерді жөндеу, қабырғаларды орнату және №6, 7, 8, 9 қазандық агрегаторларының газ құбырларын қалпына келтіру жүргізіледі. Кейін №3 түтін мұржасын жөндеу басталады. Осы жұмыстар барысында ішкі астарын жаңарту, қышқылға қарсы өңдеу, сыртқы жабынды жөндеу, бетон қабатын қалпына келтіру, жарық қоршауларын ауыстыру және т.б. жұмыстар атқарылады. Атап өтерлігі, бұл бағыттағы жұмыстар техникалық аудит қорытындысы дайын болған соң басталды. Жалпы, жылыту маусымы басталғанға дейін жылу-электр орталығының 8 қазандық агрегаты күрделі жөндеуден өтеді. 

Мұндай ауқымды жұмыстардың барысы кей тұрғындардың көңілінен шықпай отыр. Керісінше, алдағы қыста тағы да жылусыз қаламыз ба деген күдігі басым. Оған осы жөндеу барысында станцияда бір емес, бірнеше плитаның құлауы себеп болып отыр. Осыдан бір апта бұрын орталықтағы плиталардың бірі опырылып түскені таспаланған бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланған еді. Күні кеше @zhaloba_pavlodar парақшасы арқылы сол іспетті тағы бар видео тарады. Автордың айтуынша, бұл - №7 қазандық аумағындағы плита. Тұрғындардың басым бөлігінің пікірі ескі "жыртықты" жамап жатқанда екіншісі шығып жатыр, сондықтан жаңа жылу-электр станциясын салу керек дегенге саяды. Бірақ Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұған дейін де Екібастұзда жаңа станция салу қаржы жағынан да, құжаттарды дайындап, құрылысты жүргізу тұрғысынан да тиімсіз екенін айтқан еді. Ал ескі орталықтағы жөндеудің барысын әлеуметтік желі арқылы көрген жұртшылық ескі станция ұзаққа апара қоймас деген ойын білдіріп жатыр. 

Бұған қатысты "ПавлодарЭнерго" АҚ түсініктеме берді. Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір станцияда құрал-жабдықтарды, ғимараттар мен нысандарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 

"Сонымен қатар, төбе, қабырғалар ауыстырылып жатыр. Жоғары плитаны бұзу кезінде ол опырылып, соның салдарынан төменгі плиталар да құлады. Ешкім зардап шеккен жоқ", - деп қысқа қайырды баспасөз қызметі. 

Ал бірнеше күні бұрын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы ЖЭО-да жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының барысы жеке бақылауында екенін айтып, алдағы жылыту маусымында қиындық болмайтынына сендіріп еді. 

"Жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жұмыс аяқталатынын сенімді түрде айта аламын. Жылу-электр станциясындағы қазандықтар мен жылу желілері жөнделеді. Тиісті қаражат бөлінді, жұмыстар жүріп жатыр. Мен былтыр желтоқсан айында Екібастұзда жеті күн болдым, мәселені жақсы білемін, сондықтан қала жылыту маусымына сақадай сай болады деп нық сеніммен айта аламын әрі кепілдік беремін", - деген еді Үкімет басшысының бірінші орынбасары. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу