Екібастұздағы жылу желілері мемлекет меншігіне беріледі – монополист

Содан соң қайтадан сенімді басқаруға алады. 

Екібастұздағы жылу желілері мемлекет меншігіне беріледі – монополист Фото: Валерий Бугаев

Екібастұз қаласында жылумен қамтуға қатысты "жыр" әлі бітер емес. Станциядағы негізгі құралдардың істен шығуы салдарынан орталықтан берілетін температура параметрі тиісті нормадан 10-15 градусқа түсіп кетті. Ал пәтерлердегі температура +5 градустан ары аспайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

"Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Вадим Лесиннің айтуынша, бүгін сағат 16.00 шамасында №11 қазандық агрегатын тоқтатуға тура келген. Қазір барлығы 5 қазандық жұмыс істеп тұр. 

Станциядан жылу тиісті деңгейде берілмегендіктен, пәтерлердің іші де салқын. Норма бойынша, тұрғын үйлердегі температура +18 градус болуы тиіс. Алайда мұндай сынап бағанасы жұртқа арман болып отыр. 

Бір қызығы, монополист компания басшылығы жылуға қатысты жағдайдың нақты қай уақытта реттелетінін дөп басып айта алмайды. Тек коммуналдық қызмет ақсының көлемі жылу-электр орталығынан берілетін жылу негізінде есептелетінін алға тартты. 

"Станциядағы жағдай тәулік сайын өзгереді. Біздің тараптан апаттық бригадалар үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Тиісті жөндеу материалдарының барлығы бар. Тек қазандықтар мен қосымша құралдардың әбден тозуы жағдады реттеуге кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан тұрақты режимнің қашан болатынын болжау мүмкін емес. Бір анығы, станция барлық күшін салуда", - дейді Вадим Лесин. 

Бұл ретте компания басшысы төтенше жағдайдың салдарына жұмсалып жатқан шығындардың барлығын мекеме өз мойнына алғанын еске салды. Яғни, апттың салдарын жою, зардап шеккен пәтерлерді жөндеу, оларға қажетті материалдарды жеткізу, коммуналдық қызмет ақысы үшін өтемақы беру – барлығы монополист қалтасынан төленеді. Бұған дейін компанияның бір жылдық шығыны 1,5-2 млрд теңге көлемінде болса, соңғы жағдайларға байланысты тіпті еселенгені анық. Бірақ нақты есеп жылу маусымы аяқталған соң ғана белгілі болады. 

"Егер құралдар жақсы жағдайда болса, қысқа мерзімде мәселені реттейтін мүмкіндік болар еді. Бірақ қазір ондай ресурс жоқ. "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС жылу желілерін коммуналдық меншікке тегін беруді бастады. Содан соң сол желілерді сенімді басқару туралы келісімшарт жасау ойда бар. Яғни, желілер мемлекет иелегінде болады. Ал оған монополист компания қызмет көрсетеді. Соның есебінен жөндеу жұмыстарының жартысы бюджеттің, жартысы тарифтен түскен қаражаттың есебінен жүргізіледі", - деді компания директоры. 

Айта кетейік, өткен жылыдң қыркүйек айында кәсіпорын басшылығы жаңа жылдан бастап тарифті көтеру бойынша өтініш жолдаған болатын. Десе де, бұл өтініш кері қайтарылып, бұрынғы тарифтің мерзімі ұзартылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу