Екібастұздағы жылуға жарымаған жұрт президентке петиция жазды

453

Екібастұзда соңғы күндері жылу теңгерімі тіптен төмендеп кетті. 

Екібастұздағы жылуға жарымаған жұрт президентке петиция жазды Фото: Baribar.kz

Осыған дейін жылытқыш қосып ілдебейлап күн кешіп келген жұрттың, төзімі таусылып барады. Кешеден бері мектептер де онлайн оқуға көшкен. Ашынған тұрғындар әлеуметтік желіде көшеге шығатындарын айтып, ескерту жасауда. Ал, белсенділер Президентке петиция жолдау үшін қол жинауда.

73 жастағы Екібастұз тұрғыны Еркін Темірғалиевтың қамқорлығында екі немересі бар. Қалада төтенше жағдай жарияланғалы жылуға жарымай-ақ қойды. Үй ішінде электр жылытқыш қосып отыр. Бір бөлмені қымтап жауып қойған, сонда түнейді. Бүлінген пәтерін де әлі ешкім жөндеп берген жоқ. Зейнетақысының жартысы коммуналдық төлемге кетіп жатыр.

Желтоқсан айындағы жылу төлемін монополист компания өз мойына алған. Қаңтар айына қайта есептеулер жасалып, 70 пайыз жеңілдік болады, дейді. Ал, электр энергиясы үшін қолдан келер қайран жоқ. Себебі, қуат көзін таратушы кәсіпорын басқа. Тұрғындардың көбі де осы энергия төлемінен тарықты. 

Екібастұздың ашынған тұрғындары әлеуметтік желіде көшеге шығатындарын айтып айбат көрсетуде. Тіпті, Президентке петиция жазып, қол жинап жатқан көрінеді. Ал, қалада жылу теңгерімінің бүгін-ертең тұрақталар түрі байқалмайды. 

"Жылу беру жүйесі өкінішке қарай бір қалыпты жұмыс істемей тұр. Бірақ, мүлде жылу беріліп жатқан жоқ деген жаңағыдай ақпаратқа сенуге де болмайды. Себебі, станция жұмыс істеп тұр. Өкінішке орай, кей күндері үш қазандыққа дейін түсіп қалады. Ол күндері жылу параметрлері түседі", дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин. 

Қазір жылу орталығында 4 қазандық қана қосулы. Сол себепті, кешеден бастап қаладағы барлық мектеп онлайн оқу форматына көшті. Балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу