Жылумен қамтудағы қордаланған проблемаларымен ел назарын аудартқан Екібастұз қаласына тағы да жұртшылықтың көңілі ауды. Оған жылу-электр станция аумағынан таралған түтін себеп болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Кешелі бері жергілікті әлеуметтік желілерде қою қара түтін басқан қаланың суреттері мен видеолары көптеп таралуда. Түтіннің көп көлемде шыққаны соншалық, ақ көліктердің өзі сұр темір тұлпарға айналды. Тұрғындар далаға шығу түгілі терезелерді ашып, үйдің ішін желдету мүмкін емес екенін жарыса жазып жатыр.
Ал осыдан екі күн бұрын зерттеу жүргізген жергілікті экология департаменті қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтардың көлемі тиісті көрсеткіштен көп емес екенін мәлімдеді.
Бүгін "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
"Қазіргі уақытта станцияда қалған отынды жағу жұмыстары жүріп жатыр. Нақтысын айтқанда, қазандықты жөндеуге шығару үшін қазандық агрегаттарының бірінің бункерлерінде көмір шаңы жағылуда. Сондықтан станциядан қара түтін шықты. Бұл – жөндеу алдында жүргізілетін міндетті шара", - деп түсіндірді монополист компания.
Қазіргі уақытта бұл орталықта №9, 12 және 15 қазандық агрегаттары жұмыс істеп тұр. Ал жаз кезінде 10 қазандықтың сегізі жөндеуден өтуі тиіс.