Екібастұзды жылусыз қалдырған басшылар сотталды

Олардың бас бостандығы шектелді.

Екібастұзды жылусыз қалдырған басшылар сотталды Фото: akorda.kz

Осыдан тура бір жыл бұрын кеншілер шаһарындағы жылу желілері мен станцияда апат болып, қаланың басым бөлігі қақаған қыста жылусыз қалған еді. Төтенше жағдайдың салдары оңайға тиген жоқ. Ал сол оқыс оқиғаның орын алуына кінәлі азаматтар сот алдында жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жұртты әбігерге салған жылу желілеріндегі апатты жою, олқылықтардың орнын толтыру жұмыстары бір жылға жалғасты. Ерте көктемнен бастап станциядағы қазандықтар күрделі жөндеуден өтіп, желілер ауыстырылды. Мәселен, мұнда 70 шақырымнан астам құбыр жаңадан салынды. Бұған дейін бір уақытта осынша желі жаңартылған емес. Қаладағы жылу жүйесін реттеу үшін мемлекеттік қазына мен инвесторлар есебінен миллиардтаған қаржы жұмсалды. 

Сол тұста-ақ қаланы қатырып, тұрғындарды тоңдырған кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс деген жиі айтылды. Нәтижесінде "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС бұрынғы директоры Павель Мельничук, осы кәсіпорын құрылымының бұрынғы басшысы Виктор Вебер және "Екібастұз жылу желілері" компаниясының экс-директоры Евгений Горватқа ҚР Қылмыстық Кодексінің 254-бабы бойынша айып тағылды. Яғни, міндетіне немқұрайлы қарады деген күдікке ілінді. 

Төрт айға жалғасқан сот процесі барысында барлығы 59 жәбірленуші мен 80 куәгер тыңдалды. Жылу-электр станциясында көшпелі жиын да өтті. 

16 қарашадағы сот отырысы барысында прокурорлар "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС бұрынғы басшылығын бес жылға айыруға, "Екібастұз жылу желілері" кәсіпорнының бұрынғы директорын екі жарым жылға бас бостандығын шектеуді сұраған еді. 

Бүгін сот айыптыларға қатысты шешім шығарды. Соған сәйкес, күдіктілердің барлығына екі жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. 

"Күдіктілердің кінәсі сот отырысы барысында дәлелденді. Коммерциялық ұйымдарда жоғары лауазымды атқарған тұлғалар 2022-2023 жылдарға жылу маусымы дайындығын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Міндеттеріне салғырт қараудың салдарынан 2022 жылғы 27 қарашада жылу желілерінде апат болып, қалада төтенше жағдай жариялауға тура келді",- деді сот Әсел Тазболатова. 

Бұл құқық бұзушылық ауыр емес қылмыстар санатына жатады, сондықтан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу шарасы қолданылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу