"AMANAT" партиясының ұйымдастыруымен екібастұздық 50 бала қысқы демалысын Түркістан облысындағы спорттық-сауықтыру кешенінде өткізеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz "AMANAT" партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін балалар Түркістан қаласына пойызбен жетті. "AMANAT" партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуанышбек Қансейітов және жауапты мекеме өкілдері теміржол вокзалынан күтіп алу шарасына қатысты.
"Жуырда ғана партияның Төрағасы Ерлан Жақанұлы Түркістан облысына жасаған сапарында мәлімдеме жасаған болатын. Екібастұздағы төтенше жағдайда зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек қана емес, балаларға да жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Біздің өңірге таңдауы түскен 50 бала, олармен бірге келген 6 сүйемелдеуші мен 1 дәрігер Төле би ауданында орналасқан "Бәйшешек" демалыс аймағына орналастырылды. 15 жасқа дейінгі мектеп оқушылары шақырылды. Балалар 11 қаңтарға дейін жоспарға сай түрлі іс-шараларға қатысады. Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесіне де саяхат жасау жоспарлануда. Партияның бұл бастамасы балақайларға ерекше көңіл-күй сыйлайтыны анық", - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Сауықтыру лагеріндегі іс-шараларды үйлестіруге партияның аймақтық филиалы, облыс әкімдігі мен оған қарасты білім, спорт, денсаулық сақтау басқармалары атсалысуда. Жалпы республика бойынша 1300 мектеп оқушысына шипажайлар мен спорттық-сауықтыру кешендеріне баруына мүмкіндіктер жасалады.