Өткен жылдың 27 қарашасында Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде апат болып, төтенше жағдай жарияланған еді. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жылудан ажыратылғандықтан, оқушыларға бір айға жуық уақыт бойы қашықтықтан білім алуға тура келді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сол тұста екібастұздық балаларға қысқы лагерьлер мен сауықтыру орталықтарына жолдама беруге қатысты бастама көтерілген еді. Жаңа жылдың алғашқы күндері оқушылар еліміздің түкпір-түкпіріндегі алдыңғы қатарлы демалыс орындарына бағыт алды. Олар қысқы демалысты Түркістан, Ақмола, Алматы, Абай және басқа да өңірлердегі демалыс орындарында өткізбек.
Жолдама алғандардың бірі - № 26 орта мектептің оқушысы Аружан Бақтыбаева.
"Мен "Сұңқар" сауықтыру лагеріне барамын. Сыныптастарыммен бірге осындай мүмкіндікке ие болғаныма өте қуаныштымын. Жаңажылдық сыйлық ретінде түскен жолдаманың арқасында қысқы демалыс қызықты өтеді деген сенімдемін", - дейді ол.
Ата-аналар да балаларының бір сәт сергіп, сауықтыру орталықтарына барып-келуін құптады.
"Қарашаның соңы мен желтоқсанның басында Екібастұз жұртшылығы үшін оңайға соққан жоқ. Осындай қиын-қыстау кезеңінде ел болып көмек көрсеткен барша қазақстандықтарға айтар алғысымыз шексіз. Сол уақытта балалар үйде білім алып, оқу процесін үзбеуге тырысты. Бұл оларға қолайсыздық тудырғаны рас. Осыны ескеріп, лагерьлерге жолдаманың берілуі – құптарлық іс. Ұйымдастырушылар мен демеушілерге ризашылығымызды білдіреміз", - дейді Қайрат Төлеубаев есімді тұрғын.
Балалардан өтініштерді қабылдау, оларды лагерьерлерге топтастыру сынды жұмыстың барлығын "AMANAT" партиясы өз мойнына алды. Мұғалімдер, дәрігерлер мен полиция қызметкерлері қысқы сапарға шыққан балаларды бақылауға алып, олардың аман-есен оралуын қадағалайтын болды. "Қазақстан темір жолы" компаниясы пойызбен, ал жергілікті ГРЭС-1 кәсіпорны автобуспен балалардың діттеген жерге қолайлы әрі қауіпсіз жетуіне жағдай жасады.