Оқу-ағарту министрлігі қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға арналған орталық пен жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілерін отандық оқу-сауықтыру лагерьлеріне орналастырмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Орталықтардан эвакуацияланған балаларды жастарына байланысты "Бөбек", "Балдәурен" және "Жас дәурен" оқу-сауықтыру орталықтарына жағдай тұрақталғанға дейін орналастыру ойда бар. Мұнда олар білім алып, сауықтыру шараларынан өтеді", - делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, жылу желілеріндегі апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланған Екібастұз қаласынан 76 бала Павлодарға ауыстырылған болатын. Олардың қатарында өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының 36 тәрбиеленушісі бар. Аталмыш орталық тәрбиеленушілері мен "Жас өркен" жасөспірімдер үйіндегі 11 жеткіншек облыс орталығындағы №7 мектеп-интернатқа ауыстырылды. Ал облыстық көпсалалы лицейдің 29 оқушысы әзірше "Білім инновация" лицейінде оқитын болады.
Аталған мектеп басшылығы балалардың қашықтан білім алуы үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, интернаттан жайлы орындар тауып берді.