Екібастұздықтарға 240 млн теңге өтемақы берілетін болды

Бұл сома электр энергиясы шығындарын өтеуге жұмсалады. 

Екібастұздықтарға 240 млн теңге өтемақы берілетін болды Фото: google

Екібастұз қаласында жылу желілерінде туындаған апаттың салдарынан тұрғындарға жылытқыш құралдар пайдалануға тура келген еді. Ал олардың электр қуатын көп көлемде тартатынын жұрт жақсы біледі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жылусыз қалған тұрғындарға сол құралдарды пайдаланудан басқа амал қалмады. Әкімдіктің өзі 5 мыңнан астам жылытқышты тегін таратты. Сәйкесінше, есептеуіш құралдарындағы көрсеткіштер бірден артып шыға келді.

Төтенше жағдай кезінде-ақ жедел штаб өкілдері жарықты пайдаланғаны үшін төленетін коммуналдық ақы сомасы қайта есептелетінін мәлімдеген еді. Бүгін "Орталық-Азиялық электрэнергетикалық корпорация" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал бұл істің алгоритмі қалай болатынын түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, екібастұздықтар бір айда орта есеппен алғанда 220 млн теңгенің электр энергиясын тұтынады. Осыны ескере отырып, "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС жарықпен қамтуға жауапты "ЕкібастұзЭнерго" ЖШС-іне 240 млн теңге аударды.

"Соңғы 2-3 апта аралығында өтемақы төлеудің әділ алгоритмін ойластырдық. Соған сәйкес, қаражатты әр тұтынушының жеке есепшотына аударуды жөн санадық. Қолдағы дерек бойынша, Екібастұзда барлығы 48 172 абонент бар", - дейді Бағдат Орал.

Демек, электр энергиясын тұтынушылардың әрқайсысына шамамен 5 мың теңгеге жуық сома аударылады. Бұл – орта есеппен алғанда бір айдың коммуналдық ақысы.

Сонымен қатар, корпорация басшысы апаттың салдарынан жөндеуді қажет ететін пәтерлердің мәселесіне тоқталды. Бұған дейін түскен өтініштер мен оларды комиссияның тексеруі нәтижесінде 424 пәтер жөндеуді қажет екені анықталған еді. Қазір олардың 52-сінде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу