Екібастұз қаласындағы кейбір көпқабатты баспаналар мен жеке үйлер қарашадан бері жылуға жарамай отыр. Сондықтан бұл үйлердің тұрғындары қаңтар айында тұтынған жылу энергиясының тек бір бөлігін төлейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өткен жылыдң желтоқсанында ақаулардың дені жылу желілерінде болып, апаттық бригадалардың көмегімен ол жойылып отырса, қаңтарда жылу-электр станциясында қиындық туындады. Өткен айда мұндағы қазандықтар бар-жоғы алты күн ғана тиісті температураны қалаға бере алды. Ал қалған күндері температура тиісті параметрден төмен болды. Ол аздай, соңғы екі күнде қазандықтар қайта-қайта істен шығып жатыр. Қазір екі энергетикалық және үш су жылытқыш қазандық жұмыс істеп тұр. Ал түптеп келгенде, кемінде алты қазандық қалтқысыз қызмет етуі тиіс.
"Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Вадим Лесиннің айтуынша, әсіресе су жылытқыш қазандықтарда қиындық бар.
"Төтенше жағдай кезінде біз жылу желілеріндегі ақауларды жойдық. Бірақ магистарльдік желілердегі кір қазандықтарға түсіп кетіп, экранды жабындылардың айналымына кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан температура төмендетілген параметрмен берілуде. Мұндай жағдай жылыту маусымының соңына дейін созылуы мүмкін", - деді Вадим Лесин.
Тұрғындарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – коммуналдық қызмет ақысы. Бұған дейін монополист компанияға жылуды пайдаланғаны үшін төленетін коммуналдық ақыны қайта есептеуге қатысты алгоритм әзірлеу тапсырылған болатын.
"Қаңтарда тұтынылған жылу энергиясын есептеу алгоритмі әзірленді. Соған сәйкес, бұл айда қала тұрғындарына жылу жеткілікті көлемде берілмегендіктен, тиісті ақының 30%-ы ғана есептеледі. Қалған 70%-ы жеңілдік болып саналады. Бұл алгоритм облыс және қала басшылығымен келісілді", - деді Вадим Лесин.
Тұрғын үйлерге жылу тиісті көлемде берілмегендіктен, тұрғындарға электр жылытқыштарды қосуға тура келді. Соның есебінен коммуналдық ақының көлемі еселене түсті. Алайда Вадим Лесин кәсіпорын тарапынан оның ақысы өтелмейтінін айтты.
"Әр айдың өз ерекшілігі бар. Желтоқсанда жылу желілерінде ақау болудың салдарынан кейбір пәтерлерге тиісті көлемде жетпегендіктен, жылу мен электр энергиясының ақысын мойнымызға алып, проблемалық баспаналардағы мәселені шештік. Қаңтардағы жағдай басқа. Бұл уақытта қазандықтарға қатысты ақаулар туындап жатыр. Қаржының барлығы станцияның жұмысын тұрақтандыруға бағытталуда. Сондықтан өткен айдағы электр энергиясының ақысын төлейтін мүмкіндік жоқ. Оған қоса, біз - жылу беруге және таратуға ғана жауапты компаниямыз", - деді кәсіпорын басшысы.
Ал Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, пәтерлердегі параметрі төмен әрі шағым жиі түсетін 26 көпқабатты тұрғын үй ерекше бақылауға алынды. Жылу жеткізу және үйішілік желілердің дұрыс жұмыс істемеуінің салдарынан мұндағы пәтерлердегі параметрлер төмен. Мамандар температуралық режимді қалпына келтіру үшін іске білек сыбана кірісті. Айталық, бүгін Ломоносов көшесі, 11 және 11 А мекенжайындағы үйлерде тазалау жұмыстары жүргізілді. Ертеңнен бастап кіреберістерге радиаторлар орнатыла бастайды.
"Төтенше жағдайдан зардап шеккен 346 пәтер анықталып, "Лидер Декор" кәсіпорнымен 252 пәтерді қалпына келтіруге қатысты шарт жасалды. Бүгінде 150 пәтер жөнделді. Тағы 43 пәтерде тиісті жұмыстар жалғасуда. Қалған үйлерді де қамту үшін қосымша шарт жасалатын болады. Сондай-ақ, "Асар Уме" қайырымдылық қоры 15 пәтерді жаңартуды өз мойнына алды. Бүгінде оның тоғызы қалпына келтірілді", - деді шаһар басшысы.