Екібастұзда голланд технологиясымен өсірілген раушан гүлдердің 60%-ын Ресей Федерациясының Новосібір, Омбы, Мәскеу, Саратов қалаларынан арнайы тапсырыс беріп, алып кетеді. Тапсырыс электронды пошта арқылы қабылданады. Бір тал гүл 140 теңгеден сатылады.
Айта кетейік, 2016 жылдың ақпанында қалада ерекше инвестициялық жоба қолға алынған болатын. Нәтижесінде голландиялық инвесторлардың қаржылай қолдауымен "Болат Нұржанов атындағы МАЭС-1 станциясы" ЖШС-да раушан гүлін өсіретін жылыжай салынды. Жылыжай кешенінің дәл осы жерге салынуың өзіндік сыры бар. Себебі өндіріс орнындағы артық жылу энергиясы жылыжайға беріледі.
Кешен құрылысын жобалаумен голландтық "Van der hoeven" компаниясы айналысты. 3,2 млрд теңге жұмсалған жоба автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Бұл жерде жылына 10 млн раушан гүлі өсіріледі. Кәсіпорын директоры Айтмағамбет Сәрсембекұлының айтуынша, бастапқыда кәсіпорын алқызыл түсті раушан гүлін баптаған. Кейін ақ, қызыл, сары түсті гүл өсіруге көшкен.
"Бізде 80-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі әйел адамдар", – деді Айтмағамбет Сәрсембекұлы.