Орталық желідегі апат орнын анықтағанымен аулаларда ақаулар шығып, құбырлар жарылуда. Жергілікті жөндеу бригадалары үлгере алмай әлек. Сол себепті, өзге өңірлерден көмек күші келген. "Қазақмыс" холдингінің арнайы жасағы да құбырларды жамау жұмыстарын атқаруда.
"Қазақмыс" холдингісінің апаттық жөндеу бригадасы Екібастұзда дүйсенбіден бері қалпына келтіру жұмыстарын атқарып келеді. Олардың қатарында слесарь Қуанышбек Айтжанов та бар. Шақыртулар көп түсуде. Өйткені, әбден тозған жылу желілері шыдас бермей жатыр. Бұл күндері ауа райы да қаһарына мініп алған. Қуанышбектің үйінде әйелі мен алты баласы күтіп отыр.
"Күннің суығында арасында осылай шәй ішіп тұрамыз вагоншиктерде жылынып. Жалпы, жақсы жұмыс енді бітіреміз Алла қаласа осының бәрі уақытша, осының бәрі сынақ", деді "Kazakhmys Distribution" ЖШС Жылу энергетика кәсіпорнының слесарі Қуанышбек Айтжанов.
Қазақмыстың жөндеу бригадасы құрал саймандарын сайлап келген. Ақауларды жоюға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі өздерімен бірге. Соның ішінде көптеген кәсіпорындарда кездесе бермейтін әмбебап қондырғы мен арнайы бес техника да бар.
Ұлытау мен Қарағанды облыстарындағы "Қазақмыс" холдингісінің кәсіпорындарынан жасақталған жөндеу бригадасының құрамында 20 адам бар. Олар Екібастұз қаласындағы мектептердің бірінде орналасқан. Осы жерде ас-суларын ішіп, түнеп жүр.
"Қазіргі сәтте біздің балаларымыз онлайн режимде оқиды. Сондықтан біздің оқу орталығы әзірше жылыту орталығы болып саналады. Сондай-ақ, қаламызға көмекке келген жұмыскерлер де қонуға болады", деді Екібастұздағы №36 ЖБОМ директорының орынбасары Алмагүл Жұртханқызы.
Екібастұзда жағдай әлі ушығып тұр. Орталық магистральда апат ошағын анықтап қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанымен аулаларда құбырлардың жарылуы әлі толастамай тұр. Шаһарға кеше кешкісін Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың өзі келіп жағдаймен танысып кеткен. Бүгін оның бірінші орынбасары келді. Роман Скляр жағдайды өз бақылауына алмақ.
"Қалалар мен облыстардағы өнеркәсіптік кәсіпорындарды тартып жатырмыз. Барлығын жұмылдырамыз, қажетті матеиалдар бар. Белсенділікті арттырамыз. Жағдай жаман.
Соңғы деректер бойынша Екібастұз қаласында 90 көпқабатты және алпыстай жер үйде жылу жоқ. Сандар сағат сайын өзгеріп тұр. Шаһарда 39 жөндеу бригадасы жұмыс істеп жатыр", деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Есенбек Санатұлы