Екібастұзға жылу берілетініне әкімнің туыстары да сенбеген

383

Кеншілер шаһарында әлеуметтік нысандарға жылу берілді. 

Екібастұзға жылу берілетініне әкімнің туыстары да сенбеген Фото: inbusiness.kz

Екібастұз қаласына жылу берілетініне қарапайым халық былай тұрсын, облыс әкімі Асайын Байхановтың ата-анасы да күдікпен қараған. Әке-шешесін айран асыр қылған шенеунік, бірінші қазан күні жөндеуден шыққан екі қазандықты іске қосты. Қазір кеншілер шаһарында әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады.

Өткен қыстағы апаттан кейін мұз құрсауында қалып, аязды күндерді амалдап өткізген Екібастұз халқы, бірінші қазаннан бастап қалада жылу беріледі дегенге сенімсіздікпен қараған. Тіпті, облыс әкімі Асайын Байхановтың суық шаһарда тұратын ата-анасының да күдігі болыпты.

Қазан айының алғашқы күні Екібастұз жылу электр станциясында жөндеуден кейін екі қазандық іске қосылды. Бүгінгі таңда сынақтан өткен сегіз жылу магистраліне су толтырылып, жылу беріле бастады.

"Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастайды. Содан кейін көпқабатты тұрғын үйлерге, үшінші кезекте жеке меншік секторлардағы үйлерге жылу беріледі", - деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Осы күндері Екібастұздағы 90 әлеуметтік нысанның жартысына жуығына жылу берілді. Үшінші қазанда қалғандарын қосу жоспарланған. Сонымен қатар, ертең көпқабатты тұрғын үйлердің бойына қан жүгіре бастайды. Күніне 140 тұрғын үйді жылуға қосып, апта соңына дейін жылу беру жұмыстары аяқталмақ.

"Қаламызда 690 көп қабатты үй болса бүгінгі күні 674-і толығымен жылу қабылдауға дайын. 16 нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ашығын айтатын болсақ, 8 үйдің жөндеу жұмыстарын және дайындығын біз дүйсенбі күні бітіреміз. Алты үйді сәрсенбі күні бітіреміз. Және соңғы екі проблемалық үйді біз жұма күні бітіретін боламыз", - дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсеки.

Екібастұздың жылу станциясында әзірге екі қазандық істеп тұр. Ауа температурасы -10-ға жеткенде үшінші агрегат от алады. Осылайша күн суытқан сайын қазандықтар қосылып, қысты алты агрегатпен атқарамыз дейді. Екібастұзда жылу толық берілгенге дейін жұмыс істейтін шедел штаб құрылған. Аймақ басшысы Асайын Байханов, әзірге бірнеше күн осы қалада болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу